Қазақстан құтқарушылары Ресей Федерациясының Долинск қаласындағы жер сілкінісінің салдарын жою бойынша оқу-жаттығуларға қатысуда

Қазақстан құтқарушылары Ресей Федерациясының Долинск қаласындағы жер сілкінісінің салдарын жою бойынша оқу-жаттығуларға қатысуда

Ресей ТЖМ Ногинск құтқару орталығының аумағында ТМД күштерінің «Жойқын жер сілкінісінің салдарын жою» тақырыбындағы оқу-жаттығуы өтуде.

Оқу-жаттығудың шартына сәйкес Ресей Федерациясының Қиыр Шығыс федералды округінің Сахалин облысы аумағында жер сілкінісі орын алды. Жер сілкінісінің ошағы Долинск қаласында болды.

Жер сілкінісі салдарынан тұрғын үйлер мен өндірістік объектілер, соның ішінде тыңайтқыш өндіретін зауыт қирап, өрт ошақтары пайда болды. Көп адам қайтыс болды. Қираған ғимараттардың астында жүздеген адамдар болуы мүмкін. Осыған орай, Сахалин облысында төтенше жағдай режимі енгізілді.

2021 жылдың 13 мамырында сағат 9.00-де Ресей ТЖМ штабының келісімі бойынша аэровизуалды және радиациялық барлау жүргізгеннен кейін Қазақстанның Республикалық жедел-құтқару жасағының 2 құтқару тобы мен кинологиялық есептері Долинск қаласындағы химия зауытында жоғарғы қабаттардан зардап шеккендерді түсіріп, үйінділерде авариялық-құтқару жұмыстарын орындауға кірісті.

Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары үйінді астынан шартты түрде зардап шеккендер мен қайтыс болған адамдарды шығарып, Ресей ТЖМ медициналық қызметіне тапсырды.

Зардап шеккендер мен қайтыс болған адамдарды іздестіруде басты рөлді «Чарли» және «Радж» екі із кесуші иттен тұратын Қазақстан ТЖМ кинологиялық есептері атқарды.

 

 

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі