Президент құтқарушыларды Отан қорғаушылар күніне орай марапаттады

Президент құтқарушыларды Отан қорғаушылар күніне орай марапаттады

6 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылар күніне орай Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марат Майданұлы Хасеновты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, төтенше жағдайларда адамдарды құтқарған өрт сөндіруші  Владимир Беляков пен Айдархан Кемаладиновты «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Еске сала кетейік, 2021 жылдың 8 қаңтарында Қостанай облысы ТЖД № 5 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Владимир Беляков Қостанайдағы көп қабатты тұрғын үйдің түтін басқан кіреберісінен 4 адамды құтқарған болатын. Өрт сөндіруші кезекші қарауылмен бірге жанып жатқан пәтердің үстіңгі қабатындағы балконына баспалдақ орнатты. Жоғары температура жағдайында түтін басқан пәтерден адамдарды құтқарды. Кәсіби және жедел іс-қимылдардың арқасында үшінші және төртінші қабаттың тұрғындары аман қалды.

Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Айдархан Кемаладинов 2020 жылдың 14 қазанында қызмет өткеруден бос уақытта Сарыарқа көшесіндегі тұрғын үйдің жанынан өтіп бара жатып, жетінші қабаттың терезесінен түтін шыққанын байқады. Ол дереу көмекке асығып, жоғарғы қабатқа көтерілді. Сол кезде пәтерден күшті түтін шығып жатты, пәтер ішінен көмекке шақырған дауыстар да естілді. Түтінге қарамастан, өз өмірін қатерге тігіп, өрт сөндіруші жүкті әйел мен оның төрт баласын құтқарды.

Өртке қарсы қызмет комитетінің орынбасары Марат Хасенов өрт қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерді тәуелсіз бағалау жүйесіне айтарлықтай үлес қосты

Сол күні Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Мемлекет басшысы атынан Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, Стратегиялық жоспарлау және ақпараттық-аналитикалық жұмыс департаментінің директоры Қайыркүл Джазыбаеваны «Ерен ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы ТЖД № 5 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Алтай Азаматов, Қарағанды облысы ТЖД № 10 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Дамир Оразбеков, Павлодар облысы ТЖД № 12 өрт сөндіру бекетінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Ермек Тұрлыбеков, Ақтөбе облысы ТЖД № 4 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ғабиден Отарбаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін азаматтық қорғау органдарының 10 қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Құтқарушылар қиын жағдайда көмекке келуге әрдайым дайын. Тәулік сайын жауынгерлік кезекшілікке 3300 өрт сөндіруші мен құтқарушы шығады. Олар 150 өрт пен жануға, сондай-ақ 45 авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізеді.

Жыл сайын орта есеппен 18 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ тіркеледі, оның ішінде 15 мың өрт орын алады. ТЖ аймағынан құтқарушылар 8 мың азаматты құтқарады, 20 мыңнан астам адамды эвакуациялайды, 4,5 мың зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсетеді.

 

 

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі