Су тасқыны жағдайы Қарағанды облысы әкімінің жеке бақылауында

Су тасқыны жағдайы Қарағанды облысы әкімінің жеке бақылауында

Он жетінші наурызда Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек пен ТЖ департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов Бұқар Жырау және Абай аудандарының су тасқыны қаупі бар учаскелерін ұшып өтті.

Алғашқы болып қаралған жер Абай ауданындағы Құлайғыр ауылы болды. Су тасқыны кезінде осы елді мекенде бөгет жотасының авариялық жай-күйіне байланысты бірнеше рет су басу қаупі туындаған болатын. Содан кейін Топар бөгеті тексерілді. 1937 жылы салынған бұл бөгет, бүгінде ескі күйге түскен. 2020 жылы осы гидротехникалық құрылыста күрделі жөндеу басталған болатын, биыл аяқтау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Топар өзенінің 2,6 шақырымын санациялау жұмыстары тексерілді. Олар өткен жылы өткізілді.

Содан кейін аймақ басшысына Шерубай-Нұра өзенінің 17 км-ге жуығын қалпына келтіру туралы айтылды.

Әуеден Бұқар Жырау ауданының келесі елді мекендері қаралды: Ильичевка, Юбилейное, Сарепта, Ақтөбе, Жаңаталап, Қызыл-Жар, Березняки, Ростовка, Тегісжол, Чкалово, Ғ.Мұстафин ат., Солонички.

Белсенді еру процестері байқалмайды, өзен арналарында мұз тұрақты қатты күйде.

Сонымен қатар, Ынтымақ, Жартас және Шерубай-Нұра су қоймалары мен Сасықкөл көлі қаралды.

Оған қоса, аймақ басшысы Самарқанд су қоймасын қарап шықты. Бұл жерде санитарлық су ағызу жалғасуда.

Көп жылдық бақылаулар негізінде облыста автомобиль және темір жолдарының 139 су тасқыны қаупі бар учаскелері, сондай-ақ су тасқыны құбылыстарына ұшыраған 174 елді мекен анықталды. Олардың барлығы ерекше бақылауға алынды.

Ғарыштық мониторинг деректері бойынша бүгінгі таңда облыс аумағының 85%-ы қармен жабылған. Қазір Қазгидромет мамандары су тасқыны кезеңіне нақты болжам беру үшін зерттеулер мен өлшеулер жүргізуде.

Бүгінгі таңда 1 млн 200 мың текше метрден астам қар шығарылды, 1900-ге жуық су өткізу құбырлары тазартылды.

Азаматтық қорғаудың облыстық кіші жүйесінен 6 700 адам және 1 600 бірлік техника дайындықта тұр.

Ұшу қорытындысы бойынша өңір басшысы қар тазалау және шығару, гидроқұрылыстар арқылы су өткізу жұмыстарын бақылауда ұстауды тапсырды.

Айта кету керек, 2020 жылы Қарағанды облысының 33 елді мекенінің аумағында 22 км-ден астам қорғау бөгеттері мен дуалдары тұрғызылды және нығайтылды, өзен арналарының су тасқыны қаупі бар учаскелерін 12 км тереңдету, жағалауды нығайту, тазалау және кеңейту жүргізілді, 9 км су бұру арналарын салынды және жөнделді, 65,5 км дренаж және су бұру жүйелері тазартылды, 74 учаскедегі су өткізу қабілеті жоғарылатылды.

Жалпы, 2015-2020 жылдар аралығында облыста 220 км қорғаныс үйінділері тұрғызылды, елді мекендердегі 67 км өзен арналарының су тасқыны қаупі бар учаскелері тазартылды.

 

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі