ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды

2021 жылғы 26 ақпанда ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды.

Жұмыс сапары барысында министр «Ақсай» және «Аюсай» шатқалдарындағы сел ұстайтын бөгеттердің құрылыс орнына барды. Онда ол жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаждау жұмыстарымен танысты. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, «Қазселденқорғау» ММ, Алматы қаласы әкім аппаратының, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Алматы қаласы ТЖД, мердігер ұйымдардың, сондай-ақ басқа мүдделі органдардың өкілдерімен жұмыс кеңесін өткізді. Жұмыс кеңесі барысында барлық проблемалық мәселелер талқыланды, тиісті тапсырмалар берілді.

Үлкен Алматы және Ақсай өзендерінің бассейндері сел қаупі бар шатқалдарға жатады. Оолардың жоғарғы жағында 114 мұздық, 35 мұздақ көл бар. Олар жырылған жағдайда 5 мыңнан астам объект пен 50 мыңнан астам адам сел жүру аймағында қалуы ықтимал. Жазғы уақытта демалыс күндері сел қаупі бар аймақта бір уақытта 20 мыңнан астам адам, оның ішінде оңтүстік астананың тұрғындары мен қонақтары болу мүмкіндігі бар.

Аталған бөгеттерді салу сел тасқынынан болатын қауіпті барынша азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ Алматы қаласының Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарының халқы мен объектілерін сенімді қорғауды қамтамасыз етеді.

«Ақсай» және «Аюсай» шатқалдарында селді бөгейтін құрылысты салу Үкіметтің 2020 жылғы 31 қаңтардағы № 23 қаулысымен бекітілген «Жаңа Алматының 2020-2024 жылдары» кешенді жоспарында көзделгендігін айта кеткен жөн.

Бүгінгі таңда бөгеттердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2023 жыл.

  

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі