Алматы облысында қар құрсауынан 80 адам құтқарылды

Алматы облысында қар құрсауынан 80 адам құтқарылды

Оқиға 2021 жылдың 16 қаңтарында Алматы облысы Кербұлақ ауданында «Сарыөзек-Көктал» республикалық маңызы бар автожолында болған.

Қатты желдің салдарынан осы жолдың 15 және 40 шақырымын қар басып, жолаушылары бар автокөліктер қар құрсауында қалып қойды. Бұл туралы хабарлама Алматы облысының ТЖД-ға таңғы сағат 7.20-да келіп түсті.

Бірінші кезекте құтқарушылар жүкті әйелді қар құрсауынан эвакуациялады, ол екі баласымен Тасыөзек ауылынан Алматы қаласына жолға шыққан. Әйел мен балалар Сарыөзек кентіне туыстарына жеткізілді. Содан кейін жағдайды бағалай отырып, ТЖД қызметкерлері автокөліктердің жиналуын болдырмау үшін жолдың осы учаскесінің екі жағына пост қою туралы шешім қабылдады. Жол қызметтерінің қызметкерлерін, әскери қызметшілерді және жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, автожолдарды тазалау және тұрып қалған автокөліктерді сүйреп шығару жұмыстары  жүргізілді. Сағат 13.00-де 80 жолаушымен 30 бірлік техника өз бағыты бойынша қозғалысты жалғастырды, сағат 16.30-да жол қар құрсауынан тазартылды.

16 қаңтар күні сағат 10.00-ден бастап Республикалық маңызы бар "Сарыөзек-Көктал" автожолы 3-тен 80-ші шақырымына дейін автокөліктің барлық түрлері үшін жабық.

Алматы облысының ТЖД азаматтардан метеорологиялық жағдайлар нашар болған кезде алыс жолға шықпауды және 112 қызметі жіберген СМС-хабарламаларға құлақ асуды сұрайды. Алыс жолға шыққан кезде ауа-райы болжамымен танысып, төтенше жағдайларда сізге көмектесетін барлық қажетті заттарды өзіңізбен бірге алып жүруіңіз қажет.

 

Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі