«Маңғышлақ-Ақтөбе» пойызының жүк вагонында өрт шықты

«Маңғышлақ-Ақтөбе» пойызының жүк вагонында өрт шықты

2020 жылғы 14 желтоқсанда сағат 04.30-да Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының аумағында орналасқан № 464 айырығы ауданында № 109     «Маңғышлақ-Ақтөбе» жолаушылар пойызының жүк тасымалдау вагоны жанғаны туралы ақпарат келіп түсті. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

Ақпарат түскеннен кейін ТЖ орнына ТЖ департаменті, Апаттар медицинасы орталығы, «ҚазмұнайТеңіз» МӨҚҚ, «ҚТЖ» ҰҚ АҚ 30 адамнан тұратын күштер мен құралдар, 7 техника және 1 өрт пойызы жіберілді.

Өрттің басқа вагондарға таралуына жол бермеу мақсатында багаж вагоны жолаушылар вагонынан ажыратылды.

Өрт салдарынан 5 адам, оның ішінде 1 бала түрлі дәрежедегі күйік алды. Барлық зардап шеккендер жүк вагонында болған. Зардап шеккендер Бейнеу ауылындағы орталық ауруханаға жеткізілді.

Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуна жүк вагонындағы газ баллонының жарылуы себеп болған.

Сағат 07.19-да өрт сөндірілді, жүк вагоны толығымен жанып кетті.

Қазіргі уақытта Ішкі істер органдарының күші өртенген вагон қоршалды, сондай-ақ өрттің себептері мен мән-жайларын анықтау үшін Маңғыстау облысы ТЖ департаментінің зерттеу өрт сөндіру зертханасы жіберілді.

Сағат 09.18-те жолаушылар вагондары Ақтөбе станциясына жіберілді.

  

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі