
Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов инклюзия мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесші Меруерт Құлахметовамен кездесті. Кездесу Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің фронт-офисінде өтті.
Кездесудің басты тақырыбы - төтенше жағдайлар кезінде мүгедектігі бар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Тараптар құтқарушылар көмегінің қолжетімділігін арттыру, қозғалысы шектеулі азаматтарды эвакуациялауды жеңілдету және қауіпсіздік ережелері туралы ақпаратты баршаға қолжетімді ету мәселелерін талқылады.
Меруерт Құлахметова өрт, жер сілкінісі және басқа да төтенше жағдайлар кезінде мүгедектігі бар адамдарды мінез-құлық қағидалары туралы ақпараттандыру бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Есту және көру қабілеті бұзылған адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, қолжетімді хабарлау тәсілдері мен түсінікті ақпараттық материалдарды әзірлеуге ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету, мүгедектігі бар адамдардың қауіпсіздігін арттыру және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайту бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.