Қазақстан ТЖМ авиациясы 2700-ден астам ұшу жүзеге асырды

Қазақстан ТЖМ авиациясы 2700-ден астам  ұшу жүзеге асырды

 Қазақстан ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» АҚ төтенше жағдайларға жедел ден қою жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

  2026 жылдың тоғыз айында ТЖМ авиациясы 2735 ұшуды орындады. Оның ішінде 1238 ұшу төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында жүзеге асырылды, бұл өңірлердегі жедел жағдайды бақылауды және оқиғаларға уақтылы әрекет етуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Санитарлық авиация желісі бойынша 486 ұшу орындалып, 466 пациентке уақтылы медициналық көмек көрсетілді. Ауыр науқастарды медициналық мекемелерге тасымалдау, сондай-ақ дәрігерлер бригадаларын әуе көлігімен жеткізу жұмыстары жалғасуда.

  «20 авиациялық жасақ» жоспары аясында өңірлерде ангарларды реконструкциялау, жаңа заманауи ангарларды жөндеуден өткізу және салу жұмыстары белсенді жүргізілуде. ТЖМ авиациясының жұмысын жақсарту мақсатында жаңа қызметтік көліктердің кілттері табысталды. Сонымен қатар, қызметкерлер үшін заманауи интерьері мен сапалы жабдықталуы бар Batyr Team фитнес-орталығы ашылды. Халықаралық компаниялармен кездесулер ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілді.

  ТЖМ авиациясының негізгі міндеттеріне құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу, санитариялық авиация қызметін қамтамасыз ету, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға әуеден мониторинг жүргізу, орман және дала өрттерін сөндіруге қатысу, сондай-ақ мамандар мен техниканы оқиға орындарына жедел жеткізу кіреді.

  Аталған міндеттердің барлығы ТЖМ авиациялық паркі арқылы орындалады. Бүгінде министрліктің авиациялық паркінде заманауи тікұшақтар мен ұшақтарды қоса алғанда, 45 әуе кемесі бар. Бұл еліміздің барлық өңірінде төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

  ТЖМ авиациясы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың салдарын азайту және халыққа уақтылы көмек көрсету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.