Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сейсмикалық, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша кеңес өткізді. Сонымен қатар өңірдің су тасқынына, сел мен қар көшкініне дайындығы, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі және төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары қаралды.
Кеңестің негізгі тақырыптарының бірі сейсмикалық қауіпсіздік болды. Облыста сейсмологиялық станциялар желісін кеңейту, Өскемен қаласындағы ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін бағалау және өңір қалаларының сейсмикалық шағын аудандастыру жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды. Қосымша бақылау станцияларын орнату, ерте хабарлау жүйесін енгізу және жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдар туралы тұрғындарға ақпарат беру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ елді мекендерді су тасқынынан қорғау, сел қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізу және қар көшкінін алдын ала түсіру жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Кеңесте өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Кәсіпорындардағы авариялардың алдын алу, өндірісте қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, өрт қаупін азайту және шұғыл қызметтердің ден қоюға дайындығы талқыланды. Қауіпті өндірістік нысандардың жай-күйін бақылау, анықталған бұзушылықтарды жою және профилактикалық жұмысты күшейту мәселелері қаралды. Сонымен қатар су айдындарындағы қауіпсіздік пен балалардың жазатайым оқиғаларға ұшырауының алдын алу мәселелері қозғалды.
Кеңес қорытындысы бойынша министрлік пен әкімдіктің бірлесіп шешуін қажет ететін мәселелер айқындалды. Олардың қатарында қорғаныс құрылыстарын қаржыландыру, бақылау және хабарлау жүйелерін дамыту, өнеркәсіптік нысандардың қауіпсіздігін арттыру және өртке қарсы қорғауды күшейту бар. Негізгі міндет – қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын қабылдау.