
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Әйке ауылында қайта жаңғыртудан өткен өрт сөндіру бекеті ашылды. Жаңартылған нысан төрт елді мекенде тұратын 3 512 тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдық елді мекендер үшін маңызды.
Өрт сөндіру бекеті тәулік бойы кезекшілік атқаруға бейімделген. Мұнда кезекші құрамның жұмыс істеуі мен тынығуына қолайлы жағдайлар жасалып, арнайы техниканы орналастыруға арналған гараж және қажетті тұрмыстық бөлмелер қарастырылған.
Ерікті өртке қарсы құралымға ТЖМ тарапынан бір бірлік өрт сөндіру техникасы беріліп, қажетті өрт-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді. ТЖД мамандары еріктілерге тұрақты түрде теориялық және практикалық дайындық өткізіп, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрі тиімді әрекет ету дағдыларын жетілдіреді.
Жаңа бекеттің ашылуы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, өрт оқиғалары мен өзге де төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.