Алматы облысында «Қазселденқорғау» жаңа диспетчерлік пункті ашылды

Алматы облысында «Қазселденқорғау» жаңа диспетчерлік пункті ашылды

  Алматы облысы Жамбыл ауданында ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ-нің жаңа модульдік диспетчерлік пункті ашылды. Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов қатысты. Нысан бюджеттен тыс қаражат есебінен салынды. 20 күн ішінде модульдік ғимарат орнатылып, инженерлік коммуникациялар тартылды және оны жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін Жамбыл өндірістік-пайдалану бөлімінің жеке диспетчерлік пункті болмағандықтан, қызметкерлер жеке тұрғын үйде кезекшілік атқарған.

  Жаңа диспетчерлік пункт Қарғалы ауылында орналасқан. Аумағы 32 шаршы метр ғимаратта жұмыс кабинеттері, ас үй, санитариялық торап және душ бөлмесі жабдықталған. Мұнда тәулік бойы кезекшілік атқаруға, келіп түскен ақпаратты өңдеуге және жедел қызметтермен өзара іс-қимыл жасауға қажетті жағдайлар жасалған.

  Диспетчерлік пункттің негізгі міндеті - Жамбыл ауданындағы, соның ішінде Ұзын-Қарғалы өзені бассейніндегі гидрометеорологиялық және сел жағдайын бақылау. Мамандар тәулік бойы бақылау жүргізіп, мәліметтерді күніне үш рет - сағат 07:00-де, 15:00-де және 19:00-де ұсынады. Жағдай өзгерген кезде ақпарат ағымдағы ахуалға сәйкес жаңартылады. Бұл бөлімшелер арасында деректерді уақтылы алмасуды қамтамасыз етіп, бекітілген аумақтағы жұмысты үйлестіруге мүмкіндік береді.

  Диспетчерлік пункттің ашылуы «Қазселденқорғау» инфрақұрылымын дамыту және қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту бағытындағы жұмыстардың бір бөлігі болды. Осындай модульдік нысандарды Қазақстанның тағы үш облысында салу жоспарланған. Олар табиғи процестерді тұрақты бақылауға, жедел ақпарат жинауға және азаматтық қорғау бөлімшелерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған.