Жаңғырту және цифрландыру: Талғарда «Қазселденқорғау» нысаны жаңартылды

Жаңғырту және цифрландыру: Талғарда «Қазселденқорғау» нысаны жаңартылды

  Алматы облысының Талғар шатқалында Қазақстан ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ диспетчерлік пункті жаңғыртылды. Жаңартылған нысанға Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов барды. 2005 жылы салынған ғимаратта шатыр, инженерлік желілер мен жылыту жүйесі ауыстырылып, қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылды. Мұнда жұмыс кабинеттері, келіссөздер бөлмесі, ас үй, душ кабиналары бар санитариялық тораптар, терраса және бақылау алаңы жабдықталды. Іргелес аумақ абаттандырылып, шыршалар отырғызылды және Қазақстанның таулы табиғатын бейнелейтін қар барысының мүсіні орнатылды. Сондай-ақ таулы жерлердегі төтенше жағдайларға жедел ден қоюға арналған AIR 112 авиациясының жаңа тікұшақ алаңы салынды.

  Талғар селұстағыш бөгетінде және оған іргелес тау бөктерінде «BEIDOU KAZAKHSTAN» ЖШС қатысуымен автоматтандырылған мониторинг жүйесінің пилоттық жобасы іске асырылды. Кешенге жеті түрлі 31 датчик пен екі бейнекамера кіреді. Жабдықтар бөгет пен тау бөктерінің жай-күйін тәулік бойы нақты уақыт режимінде бақылап, топырақтың жылжуын, еңістігін, дірілді, ылғалдылықты және басқа да көрсеткіштерді тіркейді. Алынған деректер мамандарға өзгерістерді уақтылы анықтап, ықтимал тәуекелдерді бағалауға мүмкіндік береді. «Танс Инжиниринг» компаниясы бөгеттің техникалық жай-күйі мен тұрақтылығын бағалау үшін кешенді зерттеу жүргізуде.

  Нысанды жаңғырту жұмыстарына түрлі бағыттар бойынша қолдау көрсеткен 11 меценат қатысты. Нысанға барған кезде Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов көрсеткен қолдауы үшін меценаттарды медальдармен және Алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ «Қазселденқорғау» ММ қызметкерлерінің біріне қызметтік пәтердің кілті табысталды.

  Сел қаупі бар учаскелерде сел жүру қаупі төнген кездегі әрекет ету ережелері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде көрсетілген ақпараттық белгілер орнатылған. Диспетчерлік пункт тәулік бойы жұмыс істеп, Талғар өзені бассейніндегі гидрометеорологиялық жағдайды бақылауда ұстайды. Автоматтандырылған мониторинг жүйесі бөгет пен оған іргелес тау бөктерінің жай-күйі туралы деректерді үздіксіз жинау арқылы мамандардың жұмысын толықтырады. Нысанды жаңғырту табиғи процестерді бақылау тиімділігін арттыруға және төтенше жағдайлардың алдын алуды уақтылы қамтамасыз етуге бағытталған.