
Алматы өңірінде бюджеттен тыс қаражат есебінен биік таулы, жетуі қиын аудандарда құтқару жұмыстарын жедел жүргізуге және профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға арналған Air 112 тікұшақ алаңы жабдықталды. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Муханов «Қазселденқорғау» ММ нысандарына жұмыс сапары барысында жаңа нысанның мүмкіндіктерімен танысты.
Тікұшақ алаңы биік таудағы мұздақ көлдерге құтқарушыларды, мамандарды және қажетті жабдықтарды жедел жеткізуге, сондай-ақ көлдердегі суды қауіпсіз ағызу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Мұздақ көлдерге ұшу уақыты небәрі 10-15 минутты құрайды. Бұл төтенше жағдай қаупі туындаған кезде ден қою тиімділігін айтарлықтай арттырады.
Сапар барысында ТЖМ басшысы тәулік бойы сел жағдайына мониторинг жүргізілетін Аюсай бөгетіне де барды. Бөгет үстінде диспетчерлік пункт жұмыс істейді, онда «Қазселденқорғау» ММ төрт маманы кезекшілік атқарады. Гидротехникалық құрылыстың аумағында бақылау алаңы да жабдықталған. Инфрақұрылымды дамыту меценаттардың қолдауымен Қазақстандық құтқарушылар қоры арқылы бюджеттен тыс қаражат тарту есебінен жүзеге асырылуда.
Алдағы уақытта биік таулы авиациялық инфрақұрылымды одан әрі дамыту, оның ішінде теңіз деңгейінен шамамен 3 200 метр биіктікте қосымша тікұшақ алаңын жабдықтау жоспарлануда. Жобаны іске асыру құтқару бөлімшелерінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, жетуі қиын учаскелерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге және халықты табиғи қауіп-қатерлерден қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.