Адам өмірін құтқару жолында: диспетчер Айдана Ілиясова

Адам өмірін құтқару жолында: диспетчер Айдана Ілиясова

  Құтқарушылар күні қарсаңында өзгелерге көмек көрсетуді мамандық қана емес, өмірлік ісіне айналдырған жандар туралы әңгімелейміз. Бүгін Астана қаласының Жоспарлау және жедел басқару орталығының Өрт сөндіру қызметімен байланыс жөніндегі орталық байланыс пунктінің диспетчері Айдана Ілиясова туралы баяндаймыз.

  Айдана Айдынқызы 1991 жылы Қостанай облысының Амангелді ауданында дүниеге келген. 2019 жылдан бері елорданың азаматтық қорғау гарнизонында қызмет атқарып келеді. Ол күн сайын азаматтардан хабарламалар қабылдап, оқиғаның мән-жайын нақтылайды, қажетті ақпаратты тіркеп, жедел ден қою үшін тиісті қызметтерге жеткізеді. Қысқа ғана телефон арқылы сөйлесудің артында көбіне төтенше жағдай, кейде адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген нақты қауіп тұрады.

  «Біз үшін әрбір қоңырау маңызды. Телефонның ар жағында көмекке мұқтаж адам тұр. Кейде бұл қоңырау оның соңғы қоңырауы болуы мүмкін. Сондықтан қажетті ақпаратты жедел алу ғана емес, қоңырау шалушының сабырлылығын сақтау да маңызды. Адамды тыныштандыру, жағдайға дұрыс бағдар беру және нақты нұсқаулық ұсыну – біздің жұмысымыздың бір бөлігі», – дейді Айдана.

  Ұстамдылық, мұқияттылық және күрделі жағдайда тез бағдар таба білу – бұл мамандықта аса маңызды қасиеттер. Диспетчер санаулы минут ішінде ең маңызды ақпаратты анықтап, оны көмекке тікелей аттанатын қызметкерлерге жедел жеткізуі керек. Жауапты қызметі мен отбасылық міндеттерін қатар алып жүрген Айдана екі ұл тәрбиелеп отыр. Ол кәсібилік, өз ісіне адалдық және білімін үнемі жетілдіруге ұмтылыс өз жұмысының маңызды құрамдас бөлігі деп санайды.