
Күннің суытуымен жеке сектор тұрғындары пешпен жылыту жүйелерін, электр жылытқыштарын және басқа да жылыту құрылғыларын белсенді пайдалана бастайды. Дәл осы кезеңде тұрғын үйлерде өрт шығу қаупі артады. Осыған байланысты ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және жылыту жүйелерінің жарамдылығын алдын ала тексеруге шақырады. Республика бойынша тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды профилактикалық жұмыстар жалғасуда.
15 тамыздан 15 қазанға дейін өткізіліп жатқан өрт қауіпсіздігі акциясы аясында 74 мыңнан астам тұрғын үй қамтылып, 253 мыңнан астам азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен үйлердегі өрт қауіпсіздігі талаптарының 19,5 мыңнан астам бұзушылығы жойылды. Акция басталғалы бері тұрғын үйлерге 6 052 өрт датчигі орнатылды.
ТЖМ азаматтарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертеді:
жылыту маусымы басталғанға дейін пештер мен мұржалардың жарамдылығын тексеру;
мұржаларды күйеден уақтылы тазалау;
пештерді, электр сымдарын және жылыту құрылғыларын ақаулардың бар-жоғына тұрақты түрде тексеру;
жанып тұрған пештер мен қосулы тұрған электр жылытқыштарын қараусыз қалдырмау;
пеш жағуды балаларға тапсырмау;
сіріңке мен тұтандырғыш заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау.
ТЖМ азаматтарды жылыту жүйелерінің қауіпсіздігін тексеруді кейінге қалдырмауға шақырады. Қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау — адам өмірін, денсаулығын және мүлкін сақтаудың маңызды кепілі.