
Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов ҚР ТЖМ «Селденқорғау Құрылыс» ШЖҚ РМК базасына барып, кәсіпорынды қалпына келтіру нәтижелерімен танысты. Биыл кәсіпорынның құрылғанына 25 жыл толады. Соңғы он айда мұнда өндірістік базаны қалпына келтіру және толыққанды қызметті қайта бастау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Бүгінде кәсіпорында 40 адам жұмыс істейді. Арнайы техника паркі жаңа инженерлік техникамен толықтырылып, оның жалпы саны 50-ге жуықтады. Оның қатарында экскаваторлар, бульдозерлер, тиегіштер, автогрейдерлер және басқа да арнайы техника бар. Мұрат Мұханов өндірістік база мен техникаларды аралап көріп, кәсіпорын ұжымымен кездесті.
«Селденқорғау Құрылыс» кәсіпорнының негізгі міндеті төтенше жағдайлардың алдын алу үшін инженерлік жұмыстар жүргізуге байланысты. Мамандар мен техниканы бүкіл ел бойынша суару жүйелерінде, өзендерде, көлдерде және басқа да су нысандарында пайдалану жоспарлануда.
ТЖМ басшысына кәсіпорынды одан әрі дамыту жоспарлары да таныстырылды. Өндірістік базаны нығайту, техниканы орналастыру және оған қызмет көрсетуге, жабдықтар мен материалдарды сақтауға қажетті жағдайлар жасау көзделген. РМК-ның толыққанды жұмысын қайта бастауы ТЖМ-нің инженерлік мүмкіндіктерін күшейтіп, ықтимал қауіпті учаскелерде қажетті жұмыстарды өз күштерімен жүргізуге мүмкіндік береді.