
Астанада ICAO EUR Search and Rescue Task Force Meeting and SAR Workshop 2026 халықаралық конференциясы өтті. Халықаралық іс-шараға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» АҚ өкілдері де қатысты. «Қазавиақұтқару» АҚ Бас директордың ұшу персоналы жөніндегі орынбасары Игорь Кармыков іздестіру-құтқару операцияларындағы ТЖМ авиациясының рөлі туралы баяндама жасады. Баяндама барысында ТЖМ авиациясының төтенше жағдайларға жедел ден қою, адамдарды іздеу және эвакуациялау, қиын қолжетімді аумақтарды әуеден барлау, сондай-ақ құтқару бөлімшелеріне қолдау көрсету мүмкіндіктері таныстырылды.
Үш күн ішінде қатысушылар іздестіру-құтқару қызметін ұйымдастыру, халықаралық стандарттар мен талаптарды жетілдіру, өңірлік өзара іс-қимыл, құтқару операциялары барысында үйлестіру және ақпарат алмасу, сондай-ақ мамандардың кәсіби даярлығын арттыру мәселелерін талқылады. Іс-шараның практикалық бөлігінде іздестіру-құтқару операцияларын ұйымдастыру және төтенше жағдайлар туындаған кезде ведомствоаралық әрі халықаралық өзара іс-қимыл мәселелері пысықталды.
Конференцияға Қазақстанның авиациялық және іздестіру-құтқару саласына жауапты мемлекеттік органдарының өкілдері, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) сарапшылары, Еуропалық өңірдің іздестіру-құтқару жұмыс тобының мүшелері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен авиациялық құрылымдардың мамандары қатысты.
Халықаралық іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар іздестіру-құтқару саласында тәжірибе алмасудың, халықаралық стандарттарды енгізудің және мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.