ТЖМ басшысы Балқаш жағалауында жаңа құтқару станциясын ашты

ТЖМ басшысы Балқаш жағалауында жаңа құтқару станциясын ашты

  Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының Мыңарал ауылында Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановтың қатысуымен Балқаш көлінің жағалауында жаңа құтқару станциясының ашылуы өтті. Станция тікелей су жағасында орналасқан. Бұл құтқарушылардың тұрақты кезекшілігін қамтамасыз етіп, су айдынын күнделікті бақылауға және ықтимал оқиғаларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

  Станцияның негізгі нысаны төрт құтқарушының кезекшілік атқаруына арналған заманауи модульдік капсула болды. Капсулада тәулік бойы қызмет атқаруға қажетті барлық жағдай жасалған. Мұнда кезекшілік бөлмесі, демалыс бөлмесі, тамақтануға арналған орын және санитариялық-тұрмыстық бөлме қарастырылған. Капсула сумен жабдықтау жүйесімен, автономды су бұру жүйесімен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Қызметкерлердің демалысы мен дене дайындығы үшін капсулаға іргелес аумақта қалқасы бар жазғы терраса және Batyr Team спорттық воркаут аймағы жабдықталған.

  Станцияның техникалық жабдықталуына ерекше көңіл бөлінді. Құтқарушылар жедел ден қоюға және суда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған жаңа жедел-құтқару автомобилі мен заманауи құтқару катерін алды. Бөлімше сүңгуірлік және құтқару жабдықтарымен, байланыс құралдарымен де қамтамасыз етілді. Станция аумағында техника, арнайы киім, құтқару құралдары мен жабдықтар орналастырылатын жеке ангар жабдықталған. Бұл олардың талапқа сай сақталуын және тұрақты түрде пайдалануға дайын болуын қамтамасыз етеді.

  Жаңа құтқару станциясы Балқаш жағалауының, туристік нысандар мен көпшілік демалатын орындардың қауіпсіздігін күшейтеді. Құтқарушылардың тұрақты кезекшілігі, заманауи техника және су айдынына жақын орналасуы ден қою уақытын қысқартып, құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта тиісті дайындықтан өткеннен кейін станция жұмысына жергілікті жастарды жұмылдыру жоспарлануда. Бұл ауданның өзінде құтқарушылардың кадрлық резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.