ТЖМ қарқынды дамып келе жатқан Астананың өрт қауіпсіздігін күшейтуде

ТЖМ қарқынды дамып келе жатқан Астананың өрт қауіпсіздігін күшейтуде

  Елорда гарнизонына заманауи өрт сөндіру техникасы, жауынгерлік киім-кешек жиынтықтары және өрт сөндіру-құтқару құралдары берілді. Жаңа техника мен жабдықтар қарқынды дамып келе жатқан Астананың өрт қауіпсіздігін күшейту үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен сатып алынды.

  Техниканы табыстау рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты. Жаңа техника мен жабдықтар қалалық ТЖД бөлімшелеріне №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында табысталды.

  Астана қарқынды өсіп, кеңейіп келеді. Бүгінде елордада 1,69 млн-нан астам адам тұрады. Тек 2026 жылдың сегіз айында 2,7 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа тұрғын алаптар, көпқабатты үйлер, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жауапкершілік аумағын кеңейтіп отыр. Сондықтан елорда гарнизонының мүмкіндіктері кешенді түрде күшейтілуде. Заманауи өрт сөндіру техникасымен қатар бөлімшелерге жаңа жауынгерлік киім-кешек жиынтықтары мен өрт сөндіру-құтқару құралдары берілді. Бұл жабдықтар оқиға орнында өрт сөндірушілерді қорғауға, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге және қаладағы тығыз құрылыс жағдайында өртті сөндіруге қажет.

  Елорда бөлімшелерін жергілікті бюджет есебінен қолдау жүйелі түрде жүргізілуде. ТЖМ мен әкімдік арасындағы өзара іс-қимыл Астанамен бірге өрт сөндіру-құтқару инфрақұрылымын дамытуға және жаңа аудандар пайда болып, халық саны артқан жерлерде бөлімшелердің мүмкіндіктерін күшейтуге мүмкіндік береді.

  Қарқынды дамып келе жатқан елорда үшін қауіпсіздік қалалық инфрақұрылыммен қатар қамтамасыз етілуі тиіс. Астана ұлғайған сайын тұрғындарға алғаш болып көмекке келетін бөлімшелердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар да арта түседі.