
Абай облысы Бородулиха ауданының Сосновка ауылында ведомстволық «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа ерікті өртке қарсы бекет пайдалануға берілді.
Бекет Сосновка, Ивановка, Березовка және Озерки елді мекендеріндегі 1 152 тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Өртке қарсы бекет қажетті инженерлік инфрақұрылыммен жабдықталған. Нысан электр энергиясымен, сумен және автономды су бұру жүйесімен қамтамасыз етілді. Жаңа бекет заманауи техникамен және қажетті құрал-жабдықтармен толық жасақталған. Мұнда Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған өрт сөндіру техникасы, байланыс құралдары, өрт-техникалық жарақтар мен жауынгерлік киім-кешек бар. Жеке құрамның тәулік бойы кезекшілік атқаруына және өрттерге жедел ден қоюына қажетті жағдай жасалған. Бекетте қызмет атқаратын еріктілер Төтенше жағдайлар департаментінде арнайы даярлықтан өтті.
Жаңа өртке қарсы бекеттің ашылуы ауылдық елді мекендердегі өрттер мен төтенше жағдайларға ден қою жеделдігін арттыруға, өрт қауіпсіздігі шараларын күшейтуге және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.