Қазақстанда 2026 жылдың үздік қарауыл бастығы анықталды

Қазақстанда 2026 жылдың үздік қарауыл бастығы анықталды

  Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті ұйымдастырған және еліміздің өрт сөндіру бөлімшелерінің үздік өкілдерін біріктірген «Үздік қарауыл бастығы» I республикалық байқауы өз мәресіне жетті.

  Екі күн бойы қатысушылар кәсіби білімін, дене және арнайы даярлығын, практикалық дағдыларын, жағдайды жедел бағалау және күрделі жағдайда шешім қабылдау қабілеттерін көрсетті.

  Жабылу және жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Рамиль Камалов қатысты.

  Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша «Үздік қарауыл бастығы» I республикалық байқауының жеңімпазы және «Үздік қарауыл бастығы – 2026» атағының иегері Алматы қаласы ТЖД №15 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Дәурен Есенғалиев атанды. Екінші орынды Абай облысының №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Төребай Оразғалиев иеленді. Үздік үштікті Павлодар облысы ТЖД №6 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Темірлан Жаныбеков түйіндеді.

  «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы бойынша арнайы жүлдеге Жетісу облысы ТЖД №5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Сержан Молдахунов ие болды. Арнайы кедергілер жолағынан өту бойынша үздік нәтиже көрсеткені үшін арнайы марапат Қызылорда облысы ТЖД №14 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Ерасыл Өмірзаққа табысталды.

  Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

  Салтанатты рәсім аясында байқауды ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, кәсіби өрт сөндіру-құтқару жабдықтарын ұсынған серіктес компаниялардың өкілдері де сөз сөйледі.

  Қатысушылар атынан жарыс туралы әсерімен Түркістан облысы ТЖД №41 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Еркебұлан Керімбек бөлісті.

  Республикалық байқаудың өткізілуі қарауыл бастықтарының теориялық, дене және практикалық даярлығын, сондай-ақ кәсіби шеберлігін жетілдіруге деген ынтасын арттыруға серпін береді.

  Салтанатты рәсім байқауға қатысушылардың, жеңімпаздардың және қонақтардың естелік суретке түсуімен аяқталды.