Астанада алғаш рет «Үздік қарауыл бастығы» республикалық байқауы басталды

Астанада алғаш рет «Үздік қарауыл бастығы» республикалық байқауы басталды

  Елордада алғаш рет еліміздің өңірлеріндегі өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің тактикалық буын жетекшілерін біріктірген «Үздік қарауыл бастығы» республикалық байқауы өтуде. Қатысушылар кәсіби білімін, дене дайындығын және практикалық дағдыларын сынайды.

  Бүгін №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында іс-шараның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ашылу рәсіміне ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асқар Тулешев қатысып, қатысушыларды құттықтап, байқау сынақтарынан сәтті өтуіне тілектестік білдірді.

  Байқау республикалық деңгейде алғаш рет өткізіліп отыр. Оның мақсаты қарауыл бастықтарының кәсіби шеберлігін арттыру, теориялық, дене және практикалық даярлығын жетілдіру, сондай-ақ өңірлердегі бөлімшелер арасында тәжірибе алмасу. Байқаудың алғашқы күнінде қатысушылар азаматтық қорғау органдары мен өрт сөндіру бөлімшелерінің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді білу деңгейі бойынша тестілеуден өтті.

  Сонымен қатар, қатысушылар дене дайындығы бойынша нормативтерді орындады. Олар кермеге тартылу және 10×10 метр қашықтыққа жүгіру жаттығуларын тапсырды. Алдағы күндері қатысушылар өрт сөндіру техникасы мен құралдарымен жұмыс істеу, тыныс алу органдарын қорғаудың жеке құралдарын қолдану, кедергілерден өту, шартты зардап шегушіні құтқару, радиобайланыспен жұмыс істеу элементтерін қамтитын арнайы практикалық кезеңнен өтеді. Сондай-ақ өртті сөндіру кезінде жедел шешім қабылдау қабілетін бағалайтын тапсырмалар орындалады.

  Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша еліміздің өрт сөндіру бөлімшелерінің үздік қарауыл бастықтары анықталады. Бұл байқау білімі мен даярлығы жоғары мамандарды анықтауға, қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыруға ынталандыруға және озық тәжірибені таратуға мүмкіндік береді. Жалпы, байқау жеке құрамның төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылға дайындығын арттыруға ықпал етеді.