
Түркістан облысы Келес ауданының Лесбек Батыр ауылында 272-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы жұмысын бастады. Бұл өртке қарсы құралым жалпы саны 24 мыңнан астам тұрғыны бар 13 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бағдат Чайзада, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, жеке құрам, ауыл тұрғындары мен қонақтар қатысты. Лесбек Батыр ауылындағы бекет жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен салынып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруға дайындалды.
Еріктілер үшін қажетті жағдайлар жасалған. Мұнда демалыс бөлмелері, ас үй, қызметтік үй-жайлар және өрт сөндіру техникасын орналастыруға арналған гараж бар. Бекеттің толыққанды жұмысын қамтамасыз ету үшін Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндіру автоцистернасын, өрт сөндірушінің жауынгерлік киімін және радиостанция берді. Бекетте кезекшілік атқаратын еріктілер Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінде тиісті даярлықтан өтті.
Лесбек Батыр ауылында өрт сөндіру бекетінің ашылуы оқиға орнына бөлімшелердің жету уақытын қысқартуға, төтенше жағдайларға жедел ден қоюды арттыруға және ауылдық аумақтың өрт қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.