Қазақстан ТЖМ делегациясы Бірлескен алқа отырысы қарсаңында Беларусь Республикасында жұмысын бастады

Қазақстан ТЖМ делегациясы Бірлескен алқа отырысы қарсаңында Беларусь Республикасында жұмысын бастады

  Минск қаласында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов бастаған қазақстандық делегацияның жұмыс бағдарламасы басталды. Алдағы күндері Беларусь Республикасы үш елдің төтенше жағдайлар жөніндегі ведомстволары арасындағы диалог алаңына айналады. Мұнда Қазақстан, Беларусь және Ресей ТЖМ бірлескен алқасының XIII отырысы өтеді.

  Жұмыс бағдарламасының алғашқы нысаны Беларусь ТЖМ-нің «ЗУБР» республикалық арнайы мақсаттағы жасағы болды. Мұрат Мұханов пен ҚР ТЖМ өкілдері арнайы құтқару бөлімшесінің жұмысымен танысты. Осыдан кейін үш елдің төтенше жағдайлар жөніндегі ведомстволары басшыларының кездесуіне дейінгі бағдарламаның практикалық бөлігі басталды.

  Күннің екінші жартысында делегация Минск қаласындағы тарихи маңызы бар нысандардың бірі Беларусь Ұлы Отан соғысы тарихының мемлекеттік музейіне барды.

  Негізгі жұмыс Қазақстан, Беларусь және Ресей ТЖМ басшылары бір үстел басына жиналатын алқа отырысында жалғасады. Тараптар алдыңғы алқада қабылданған шешімдердің орындалу қорытындысын шығарып, өзара іс-қимылдың алдағы бағыттарын айқындайды. Күн тәртібінде құтқару қызметтерінің қазіргі жұмыс тәжірибесінен туындайтын мәселелер қаралады. Атап айтқанда, өрт сөндіру-құтқару техникасы мен технологияларын дамыту, электр көлігі бар нысандардағы өрттерді сөндіру ерекшеліктері, таудағы-құтқару қызметтерінің жұмысы және тау-кен құтқарушыларын даярлау мәселелері талқыланады.

  Жұмыс отырыс залымен шектелмейді. Қатысушыларға Беларусь өндірісінде шығарылған өрт сөндіру-құтқару техникасы, жабдықтар мен жарақтар таныстырылады. 23 қыркүйекте Қазақстан делегациясы Островец қаласына барып, Беларусь АЭС-іне баруды жоспарлап отыр.