
Көкшетау қаласында Мүлік Габдуллин атындағы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғау академиясының 100 бірінші курс курсанты ант қабылдады. Олардың қатарында 8 қыз және «Алтын белгі» иегері атанған 9 курсант бар. Академияда қазақстандықтармен бірге Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген курсанттар да білім алуда.
Салтанатты шараға төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов қатысты. Академияның министр үшін орны ерекше. Ол осы жерде курсант болып, кәсіби даярлықтан өтіп, азаматтық қорғау жүйесіндегі еңбек жолын бастаған. Арада жылдар өткен соң Мұрат Мұханов өзінің оқу ордасына ТЖМ басшысы ретінде оралып, курсанттардың жаңа буынын құттықтады.
Министр бірінші курс курсанттарына оқуда табыс, төзімділік және таңдаған кәсібіне адалдық тіледі. 100 курсант үшін бұл күн құтқарушы мамандығына бастар жолдағы алғашқы маңызды оқиғалардың бірі болды.
Курсанттармен бірге бұл күнді олардың ата-аналары мен жақындары, Академияның оқытушылары, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері бөлісті. Салтанатты шара жеке құрамның саптық шеруімен және Академия Гимнінің орындалуымен аяқталды.