
Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов облыс әкімі Есет Байкенмен және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлімен бірге «Жомарт» кенішіне барды. ТЖМ басшысы шахтаға 600 метрден астам тереңдікке түсіп, өндірістік учаскелердегі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуімен тікелей танысты.
Негізгі назар жерасты қазбаларындағы газ жағдайын бақылауға аударылды. Министрге тасымалы газ талдағыштарды қолдану барысы көрсетілді. Кеніште стационарлық аспаптарды пайдалану арқылы автоматтандырылған бақылау жүйесі жұмыс істейді, қосымша мониторинг тасымалы газ талдағыштармен жүргізіледі. Сонымен қатар Мұрат Мұханов желдету және диспетчерлік бақылау жүйелерінің жұмысымен танысты.
«Жомарт» кеніші 2006 жылдан бері пайдаланылып келеді және мыс кенін жерасты әдісімен өндіруге мамандандырылған. Жылдық өндіру көлемі 4,1 млн тоннаны құрайды. Тау-кен жұмыстары айтарлықтай тереңдікте жүргізіледі және өндірістік тәуекелдерді үнемі бақылап отыруды талап етеді.
Сапар қорытындысы бойынша облыс пен кәсіпорын басшылығымен газ мониторингі, желдету, өндірістік бақылау және төтенше жағдайларға әрекет ету дайындығы мәселелері қаралды. Ұлытау облысының аумағында, соның ішінде тікелей кен орындары орналасқан аудандарда сейсмологиялық бақылауды ұйымдастырып, кейіннен оны СБҰҒО сейсмологиялық желісіне интеграциялау туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек, облыстың егжей-тегжейлі сейсмикалық аудандастыру картасын әзірлеу мүмкіндігі де жеке қаралатын болады.