Қазақстан ТЖМ телефон, планшет және басқа да электрондық құрылғыларды, әсіресе түнгі уақытта, ұзақ уақыт бойы қараусыз қуаттаудың қауіпті екенін ескертеді. Ақаулы қуаттағыш немесе зақымдалған кабель қысқа тұйықталуға, құрылғының қызып кетуіне және өрттің шығуына әкелуі мүмкін.
Гаджеттерді төсек, диван, жастық немесе көрпе үстінде қуаттау ерекше қауіп тудырады. Жұмсақ жер жылудың қалыпты таралуына кедергі келтіріп, құрылғының қызып кетуіне себеп болуы мүмкін. Қуатталып жатқан гаджеттерді перде, қағаз және басқа да тез тұтанатын заттардан алыс ұстаған жөн.
ТЖМ мамандары тек жарамды әрі сапалы қуаттағыштарды пайдаланып, зақымдалған кабельдер мен ақаулы электр жабдықтарын қолданбауға кеңес береді. Қуаттау аяқталғаннан кейін адаптерді электр желісінен ажырату қажет. Гаджеттерді ұзақ уақыт бойы қараусыз қуаттауға қалдырмаған жөн.
Түнде адам ақау немесе құрылғының қызып кеткенін дер кезінде байқамауы мүмкін. Ал болмашы техникалық ақау қысқа уақытта өртке ұласуы ықтимал. ТЖМ өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтап, қуатталып жатқан гаджеттерді қараусыз қалдырмауға шақырады. Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне хабарласыңыз!