Отбасы – адамға күш беріп, қуанышта бірге қуанып, қиындықта қолдау көрсететін ең жақын орта. Ал өмір жолы мен кәсіби қызығушылығы бір арнада тоғысқан жандардың отбасы өзіндік ерекшелігімен қалыптасады.
Бексұлтан Ибадулла үшін азаматтық қорғау саласындағы қызмет – қалыптасқан кәсіби жол. Ал жұбайы Гүлнар Әбітаева бұл салаға жақында ғана қадам басқан. Жолдасының күнделікті қызметін көріп, оның жұмысына деген жауапкершілігі мен адамдарға көмектесуге деген ұмтылысын байқауы Гүлнардың да осы салаға деген қызығушылығын оятқан.
Уақыт өте келе ол азаматтық қорғау қызметінің қаншалықты маңызды әрі жауапты екенін терең түсініп, өзі де осы салада еңбек етуді таңдаған.
Бүгінде Бексұлтан Миятұлы – азаматтық қорғау майоры, Шымкент қаласы Абай ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері. Ал Гүлнар Бауыржанқызы №7 өрт сөндіру бөлімінде радиотелефонист болып қызмет атқарады.
Атқаратын міндеттері әртүрлі болғанымен, екеуінің қызметі бір мақсатқа тоғысады – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосу. Гүлнар үшін азаматтық қорғау саласының ерекшелігін жолдасының әңгімелерінен білу бір бөлек болса, енді сол жауапкершілікті өз қызметі арқылы сезіну – мүлде басқа тәжірибе.
«Жолдасымның қызметі арқылы бұл саланың қаншалықты жауапты екенін бұрыннан білетінмін. Оның жұмысына деген көзқарасы, әр шақыртуға алаңдап, адамдарға көмектесуге ұмтылатыны менің де қызығушылығымды оятты. Осы салаға келгеннен кейін оның жауапкершілігін бұрынғыдан да жақсы түсіндім», – дейді Гүлнар.
Бүгінде қызметтен тыс уақытта да екеуі бір-біріне қолдау көрсетіп, кәсіби тәжірибесімен бөлісіп отырады. Бір-бірінің жұмысын түсіну, күнделікті міндеттеріне құрметпен қарау және қажет кезде демеу болу – олардың отбасындағы өзара түсіністікті нығайта түседі.
Ерлі-зайыптылардың шаңырағында үш бала – бір қыз бен екі ұл өсіп келеді. Балаларының тәрбиесі мен болашағына ерекше көңіл бөлетін Бексұлтан мен Гүлнар қызметтегі жауапкершілікпен қатар, отбасыға да уақыт бөлуге тырысады. Балаларының әр жетістігіне бірге қуанып, әр қадамына қолдау көрсетеді.
Балалары үшін ата-анасының бір салада еңбек етуі – өзіндік өнеге. Олар әкесі мен анасының адамдардың қауіпсіздігі үшін қызмет атқарып жүргенін көріп өсіп келеді.
Отбасы күні – жақын жандардың қадірін сезініп, өзара сыйластық пен қолдаудың мәнін бағалайтын ерекше күн. Бексұлтан мен Гүлнар үшін де отбасының берік болуы – бір-бірін түсінуден, қолдаудан және ортақ қуанышты бірге бөлісуден басталады.
Бір шаңырақта өмір сүріп, бір салада еңбек етіп жүрген ерлі-зайыптылардың күнделікті тіршілігінде қызмет пен отбасы қатар өріліп келеді. Ал олардың ортақ жолы – бір-біріне тірек болып, балаларын тәрбиелеп, қоғам қауіпсіздігіне өз үлестерін қосып келе жатқан отбасының жарқын үлгісі.