Жылыту маусымы алдында тұрғын үй секторында 1700-ден астам датчик орнатылды

Жылыту маусымы алдында тұрғын үй секторында 1700-ден астам датчик орнатылды

  ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Жылыту маусымына дайындық: өрт қауіпсіздігі шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Спикер ретінде ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев сөз сөйледі.

  Спикер атап өткендей, жылыту маусымында өрт шығу қаупін барынша азайту мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі алдын ала профилактикалық шараларды бастады.

  Ел аумағында 15 тамыздан бастап Республикалық өрт қауіпсіздігі профилактикалық акциясы өтіп жатыр. Акция аясында үйлерді аралау, нұсқамалар жасау және халыққа көмек көрсетуді қамтитын кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде.  Азаматтарға жылыту жүйелері мен электр құралдарын қауіпсіз пайдалану ережелері түсіндірілуде.

  Жылыту кезеңінде халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына ерекше назар аударылады. Бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарындағы азаматтар тұратын 96 мыңнан астам тұрғын үй есепте тұр, бұл тізімдер аралау барысында нақтылануда. Оларға жылыту және электр жүйелерін қалыпты жағдайға келтіруге жәрдем көрсетіліп, мұржаларды күйеден тазарту және басқа да профилактикалық жұмыстар атқарылуда.

  Қазіргі уақытта республика бойынша профилактикалық жұмыстармен халықтың әлеуметтік осал топтарының 36 мыңнан астам үйі қамтылды. Әкімдіктер мен ерітілердің бірлесуімен 6,5 мың үй өрт қауіпсіздігі жағдайына келтірілді. Тұрғын үйлерге газ және жану өнімдерінің қауіпті шоғырлануын анықтайтын датчиктер орнатудың көпжылдық тәжірибесі жалғасуда.

   Әкімдіктер мен еріктілердің көмегімен ағымдағы профилактикалық акция басталғалы бері 1700-ден астам датчик орнатылды. Өткен жылыту маусымында тұрғын үйлерде 51 мыңнан астам автономды датчик қойылған болатын. Бұл тәжірибе енгізілгелі бері, олардың іске қосылуының 67 жағдайы тіркеліп, соның арқасында 288 адамның улануы мен қаза табуына жол берілмеді.

  Айта кетсек, ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың жүйелі профилактикалық жұмыстарының арқасында өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша оң динамика байқалды – тұрғын үй секторындағы өрттер саны, сондай-ақ қаза тапқандар мен зардап шеккендер азайды.

  ТЖМ профилактикалық жұмыстарды маусым бойы жалғастырады және барлық азаматтарды жауапкершілік танытып, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.