Павлодар облысы Тереңкөл ауданындағы Қоржынкөл ауылында «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекетін жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жаңа нысан екі ауылдық округ аумағында орналасқан Қоржынкөл, Жаңа-құрылыс, Покровка, Тегістік, Әулиеағаш және Аққайың ауылдарындағы 1 600-ден астам тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Ашылу салтанатына Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары Думан Қыдырмоллаев, сондай-ақ Тереңкөл ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Ерғабылов қатысты.
Бекет ғимараты жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен қайта жабдықталып, қызметкерлерге арналған әкімшілік-тұрмыстық блок құрылды. Мұнда диспетчерлік бөлме, демалыс және тамақтану бөлмелері, санитарлық-тұрмыстық орындар қарастырылған. Бөлмелер қажетті жиһазбен, тұрмыстық техникамен және құрал-жабдықтармен жабдықталған. Аумақта сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылған. Бекет орталық жылыту және сумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Сондай-ақ бекет өрт сөндіру автоцистернасымен, нысанды киім-кешекпен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі міндеттерді орындауға бөлімшенің дайындығын арттыруға қосқан үлесі үшін ауданның Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органның өкілдері марапатталды. Жаңа бекеттің ашылуы өрт сөндіру бөлімшелерінің оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартып, төтенше жағдайларға ден қою жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.