ҚР ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында «Қазақстанның мұнай-газ кешені объектілеріндегі авариялар» тақырыбында брифинг өтті. Спикер ретінде ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің мұнай-газ және мұнай өңдеу өнеркәсібіндегі мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының басшысы Ахан Телманов сөз сөйледі.
Спикердің айтуынша, мұнай-газ кешені объектілерінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ТЖМ қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Мұнай-газ саласы технологиялық тұрғыдан ең күрделі салалардың қатарына жатады. Бұл салада қысыммен жұмыс істейтін жабдықтар, құбыржолдар, резервуарлар, бұрғылау және технологиялық қондырғылар пайдаланылады, ал өндірістік процестер жанғыш және жарылыс қаупі бар заттарды қолданумен байланысты.
2024-2026 жылдардағы авариялық оқиғаларды талдау тәуекелдердің негізгі туындау механизмдерінің көп жағдайда қайталанатынын көрсетеді. Оларға жабдықтар мен құбыржолдардың герметикалығының бұзылуы, коррозиялық және дәнекерлеу ақаулары, мұнай мен газдың ағуы, ұңғымаларды бұрғылау және жөндеу кезінде газ-мұнай-су көріністерінің пайда болуы, жарылыстар мен өрттер, сондай-ақ жұмыстарды ұйымдастыру және өндірістік бақылаудағы кемшіліктер жатады.
Жеке қарауды қажет ететін мәселенің бірі – жабдықтарды уақтылы жаңарту. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап заңнамада қауіпті өндірістік объектілерді жаңарту және техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарын келісу тетігі көзделген, ал ұйымдар тиісті іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Екінші маңызды мәселе – кәсіпорындардың өздеріндегі өндірістік бақылау. Мемлекеттік инспектор әрбір объектіде күн сайын бола алмайды, сондықтан авариялардың алдын алудың бірінші желісі ұйымның ішінде тиімді жұмыс істеуі тиіс.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өндірістік бақылау қызметтерінің лауазымды тұлғалары санының жаңа нормативтері қолданысқа енгізілді. Бұл ретте өндірістік бақылау қызметі ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынуы тиіс. Оның нақты жұмыс істейтін тетік болғаны маңызды. Ол қауіпті ауытқуларды уақтылы анықтап, оларды жоюды талап етіп, қажет болған жағдайда қауіпсіздік талаптарына сай емес жұмыстарды тоқтатуға қабілетті болуы керек. Мердігер ұйымдардың қызметін бақылауға да ерекше мән беріледі.
Сонымен қатар Комитет техникалық куәландыру тәсілдерін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Тәуекел факторларын ескере отырып техникалық куәландыруды енгізу бойынша жұмыс тобы құрылды. Осы жұмыс аясында жабдықтың нақты жай-күйін, зақымдану механизмдерін, пайдалану жағдайларын және ықтимал ақаудың салдарын ескере отырып, техникалық куәландырудың мерзімділігін, көлемі мен әдістерін тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде айқындау мүмкіндігі зерделенуде. Техникалық тұрғыдан негізделген жағдайларда жекелеген стандартты әдістердің орнына бақылаудың баламалы интрузивті емес әдістерін қолдану мүмкіндігі де қарастырылуда.
Тиісті нормативтік тұрғыдан бекітілгенге дейін қолданыстағы барлық міндетті тексерулер мен сынақтар сақталады. Тәуекел факторларын ескере отырып техникалық куәландыруды енгізу міндетті техникалық куәландырудан немесе белгіленген бақылау әдістерінен автоматты түрде бас тартуға негіз болып табылмайды. Жұмыс тобы мұндай тәсілді өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін төмендетпей қолдануға болатын нақты талаптарды айқындауы тиіс.
Перспективалы бағыттардың бірі – цифрландыру. Оған қысым, температура және коррозияны онлайн режимінде мониторингтеу, ағып кетулерді анықтау жүйелері, деректерді талдау және предиктивті диагностика жатады. Бұл ретте жасанды интеллект көмекші құрал ретінде қарастырылады – оның құндылығы мамандарға қауіпті ауытқуды алдын ала анықтауға және ақаудың орын алуына жол бермеуге көмектесуінде.
Жалпы, біздің басымдықтарымыз – жабдықтарды уақтылы жаңарту, өндірістік бақылаудың нақты әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, авариялардың бірдей себептерінің қайталануына жол бермеу және тиімділігі мен қауіпсіздігі техникалық тұрғыдан расталған жағдайда заманауи тәуекелге бағдарланған және цифрлық әдістерді енгізу.
Басты міндет – авария орын алғаннан кейін оның себептерін түсіндіру емес, қауіпті факторды аварияға дейін анықтап, жою.