Қазақстанда 263-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 263-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Жетісу облысы Көксу ауданы Мұсабек ауылында 263-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Жаңа бекеттің ашылуы Мұсабек, Мұқаншы, Жарлыөзек және Бозтоған ауылдарындағы 4 400 тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

  Өрт сөндіру бекетінің ашылу салтанатына Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Алтынбеков, Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов және ауыл тұрғындары қатысты.

  Бөлімше қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Оның ішінде ТЖМ тарапынан берілген автоцистерна, жауынгерлік киім-кешек және байланыс құралдары бар. Қызметкерлердің тәулік бойы кезекшілігін қамтамасыз ету үшін бекетте қолайлы жағдай жасалып, тұрмыстық және демалыс бөлмелері жабдықталған.

  Ашылу барысында жаңа нысан қызметкерлеріне Төтенше жағдайлар департаментінің алғыс хаттары табысталды. Ауылдық жерлерде «Ауыл құтқарушылары» желісін дамыту төтенше жағдайларға ден қою уақытын едәуір қысқартып, ауыл тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.