
Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Сұлутөбе ауылында 262-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Жаңа өрт сөндіру бекеті Сұлутөбе, 1 Мамыр және Жаназар ауылдарындағы 2 998 тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жаңа нысан жергілікті кәсіпкер мен ауыл тұрғындарының қолдауымен салынды. Өртке қарсы құралымның материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында ТЖМ тарапынан жауынгерлік киім-кешек жиынтықтары, қажетті өрт сөндіру-техникалық құралдар мен жабдықтармен жарақтандырылған өрт сөндіру автокөлігі берілді. Сонымен қатар өрт сөндіру бекеті жақын маңдағы кәсіби өрт сөндіру бөлімшесімен тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік беретін стационарлық байланыс құралдарымен жабдықталды. Тұрақты байланыс оқиғалар туралы ақпаратты жедел жеткізуге және қажет болған жағдайда қосымша күштер мен құралдарды тартуға мүмкіндік береді.
Жаңа бекеттің жұмыс істеуі ықтимал оқиғаларға ден қою уақытын қысқартуға, өрттер мен басқа да төтенше жағдайлар кезінде алғашқы шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді.