Астанада құтқарушыларға жаңартылған қызметтік пәтерлердің кілттері табысталды. Бұл ТЖМ мен «Қазақстандық құтқарушылар қоры» жеке қорының азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен олардың отбасыларының тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламасының бір бөлігі.
Пәтерлерде күрделі жөндеу жүргізіліп, тұрғын бөлмелер, ас үйлер, санитарлық тораптар мен душ бөлмелері жаңартылды. Тұрғын үй жаңа жиһазбен, ас үй гарнитурларымен, жатын орындармен, қажетті тұрмыстық техника мен жабдықтармен қамтамасыз етілді. Пәтерлер қоныстануға дайын.
Елордалық гарнизонда қазірдің өзінде 20 қызметтік пәтер жөнделіп, толық жабдықталды. Жыл соңына дейін тағы бір пәтердің жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.
Жұмыс еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасуда. Жалпы Қазақстан бойынша өрт сөндіру және әскери бөлімдерде орналасқан 33 қызметтік пәтер жаңартылды. Құтқарушылар мен олардың отбасыларына қолайлы тұрмыстық жағдай жасау жеке құрамды қолдаудың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.