ТЖМ басшысы Қосшы қаласындағы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құрылысын тексерді

ТЖМ басшысы Қосшы қаласындағы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құрылысын тексерді

  Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Муханов Қосшы қаласына барып, мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құрылыс барысын тексерді. Нысан ұзақ уақыт бойы құрылысы аяқталмаған нысандардың қатарында болғандықтан, жұмыстарды жалғастыру қаладағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін шешуде ерекше маңызға ие.

  Өрт сөндіру бөлімі төрт шығуға есептелген және Қосшы қаласы мен елордалық агломерацияға жақын орналасқан елді мекендерге қызмет көрсетуге арналған. Кешен құрамында бөлім қызметкерлеріне арналған жатақхана да қарастырылған.

  ТЖМ басшысы негізгі үй-жайларды, жатақхана мен өрт сөндіру бөлімінің инфрақұрылымын аралап көріп, нысанның қазіргі жағдайымен және орындалған құрылыс жұмыстарымен танысты. Жобаны іске асыру қызмет атқаруға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға қажетті толыққанды база қалыптастыруға мүмкіндік береді.

  Қосшы қаласы қарқынды дамып келеді: халық саны артып, тұрғын аудандар мен қалалық инфрақұрылым кеңеюде. Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімін пайдалануға беру құтқарушылардың оқиға орнына жету уақытын қысқартып, қаланың өрт қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Осылайша, құрылыстың ұзаққа созылуына байланысты ұзақ уақыт бойы шешілмей келген мәселе нақты шешімін табуда.