
Жетісу облысы Кербұлақ ауданындағы Жоламан ауылында 254-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Жаңа бекет Жоламан, Сәмең ауылдарының, сондай-ақ Алтындала, Архарлы, Саялы, Жоламан станцияларының тұрғындарын өрттен қорғауды қамтамасыз етеді. Құрылымның жауапкершілік аймағында 1740 адам тұрады.
Салтанатты рәсімге Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Қанат Алтынбеков, Кербұлақ ауданының әкімі Жанат Жүнісбеков және гарнизонның жеке құрамы қатысты.
Бекетте қызмет атқаруға қажетті барлық жағдай жасалып, жеке құраммен толық жасақталған. Барлық маман өз міндеттерін орындауға дайын. Жедел әрекет ету үшін бекет ТЖМ ұсынған негізгі өрт сөндіру және байланыс құралдарымен, қажетті жабдықтармен және өрт сөндіру автоцистернасымен қамтамасыз етілді.
Іс-шара барысында жаңа өрт сөндіру бекетін салуға және құруға, аудан елді мекендерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан әкімдік өкілдері мен азаматтарға марапаттар табысталды.