Мерзімді қызметтегі сарбаздарға жайлылық пен ЖИ технологиялары: ТЖМ басшысы Абай облысында жаңартылған казарманы ашты

Мерзімді қызметтегі сарбаздарға жайлылық пен ЖИ технологиялары:  ТЖМ басшысы Абай облысында жаңартылған казарманы ашты

  Абай облысында ТЖМ инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасты. Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімінде кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін казарма ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов қатысты. Ол ғимаратты аралап, әскери қызметшілерге жасалған жағдайлармен танысты.

  Әскери бөлім өз тарихын 1959 жылдан бастады және азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайларға ден қою саласында маңызды міндеттерді атқаруда. Көп жылғы дәстүрлерін сақтай отырып, бөлім инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартып, жеке құрамның даярлық сапасын арттырып келеді.

  Жаңартылған казармада мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің тұруына, демалуына және күнделікті қызмет атқаруына заманауи жағдай жасалған. Бөлмелердің тиімді ұйымдастырылуы жеке құрамға оқу-жаттығулар мен кезекшіліктен кейін толыққанды демалуға мүмкіндік береді. ТЖМ басшысына аумақты одан әрі дамыту және әскери бөлім нысандарын жетілдіру жоспарлары таныстырылды.

  Қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды. Шыңғыс Әріновке жасанды интеллект технологиялары қолданылған бейнебақылау жүйесі таныстырылды. Бұл жүйе әскери бөлім аумағындағы бақылау мүмкіндіктерін кеңейтеді. Салтанатты шара соңында Министр үздік әскери қызметшілер мен өзара іс-қимыл жасайтын құрылымдардың өкілдерін адал қызметі және бөлімнің дамуына қосқан үлесі үшін марапаттады.