Бұқтырмадағы жаңа ТЖМ станциясы 70 мың демалушының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

Бұқтырмадағы жаңа ТЖМ станциясы 70 мың демалушының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

  Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының Голубой залив кентінде Бұқтырма су қоймасының жағалауында жаңа құтқару станциясын ашты. 

  Жыл сайын жағалауда 70 мыңнан астам адам демалады. Шығанақтарды қоса есептегенде демалыс аймағының ұзындығы шамамен 40 шақырымды құрайды. Мұнда 60-тан 70-ке дейін ірі және шағын демалыс базасы орналасқан. Жеке құрылыс нысандарын қоса алғанда, олардың саны бірнеше жүзге жетеді. Демалушылардың көп болуы су айдынын тұрақты бақылауды және жағажайларды күн сайын патрульдеуді талап етеді.

  Бұған дейінгі құтқару станциясы 1977 жылы салынған. Жарты ғасырға жуық пайдаланылған нысанды жаңасына ауыстыру қажеттілігі туындады. Жаңа модульдік бекет тәулік бойы кезекшілік атқаруға арналған. Мұнда бақылау пункті, жұмыс және тұрмыстық бөлмелер жабдықталып, құтқару мұнарасы, жарықтандыру және электрмен жабдықтау жүйесі орнатылған. Салтанатты шара барысында Шыңғыс Әрінов бөлімшеге жаңа нысанның символикалық кілтін табыстады.

  Құтқарушылар заманауи катерлермен, байланыс құралдарымен, арнайы жабдықтармен және қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етілді. Жаңа станция оқиғаларға жедел ден қоюға және су жағасындағы жаппай демалыс кезеңінде туристердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. ТЖМ өңір әкімдіктерімен бірлесіп, азаматтар көп баратын демалыс орындарындағы құтқару инфрақұрылымын дамытуды жалғастырады.