30 мың тұрғынның қауіпсіздігі қамтамасыз етілді: ТЖМ басшысы Талдықорғанда өрт сөндіру бөлімін ашты

30 мың тұрғынның қауіпсіздігі қамтамасыз етілді: ТЖМ басшысы Талдықорғанда өрт сөндіру бөлімін ашты

  Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Жетісу облысының Талдықорған қаласында №20 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімін ашты. Бөлімше 10 шақырым радиуста тәулік бойы өрттер мен төтенше жағдайларға жедел ден қойып, «Жастар» шағын ауданы, №6, 7, 8 және 9 шағын аудандары мен оларға іргелес тұрғын алаптардағы шамамен 30 мың тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Салтанатты шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев та қатысты.

  №20 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі 2026 жылғы 7 наурызда құтқару жұмыстары кезінде қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапқан Дамир Тайыржанұлы Тарановтың есімімен аталды. Салтанатты рәсімге құтқарушының туған-туыстары мен жақындары қатысты. ТЖМ басшысы Дамир Тарановтың отбасына сыйлықтар табыстады.

  Бөлім ғимараты республикалық бюджет қаражаты есебінен салынып, тәулік бойы қызмет атқаруға қажетті барлық жағдаймен жабдықталған. Бөлімшенің жарақтануына өрт сөндіру автоцистерналары, автосаты, авариялық-құтқару автомобилі, байланыс және жедел әрекет ету автомобилін қоса алғанда, негізгі және арнайы техниканың 7 бірлігі берілді. Кешен құрамында гараж бокстары, мұнарасы бар оқу-жаттығу алаңы, көлемі 50 текше метр өртке қарсы су қоймасы, оқу сыныбы, спорт зал және жеке құрамның демалуына арналған бөлмелер бар.

  Жаңа ғимаратта заманауи техникалық және мультимедиялық жабдықтармен жарақтандырылған Жоспарлау және жедел басқару орталығы да орналасты. Орталық төтенше жағдайлар кезінде күштер мен құралдардың тиімді үйлестірілуін қамтамасыз етеді. Жаңа бөлім Талдықорғанның дамып келе жатқан аудандарындағы, оның ішінде жоспарланып отырған №10, 11, 12 және 13 шағын аудандардағы өрт қауіпсіздігін күшейтеді. Жобаны іске асыруға және азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін ТЖД қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың өкілдері ТЖМ ведомстволық наградаларымен және облыс әкімінің наградаларымен марапатталды.