Жүректерде мәңгі сақталатын естелік

Жүректерде мәңгі сақталатын естелік

  Жамбыл облысында 2021 жылғы 26 тамызда Байзақ ауданында болған қайғылы жарылыс кезінде қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан өрт сөндіруші-құтқарушыларды еске алу рәсімі өтті.

  Бүгін Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында қайғылы оқиғалардың салдарын жою кезінде қаза тапқан «Халық қаһарманы», өрт сөндіруші Мейіржан Аймановтың бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

  Іс-шараға Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік мекемелердің, күштік құрылымдардың өкілдері, әскери қызметшілер, ардагерлер, құтқарушылар және қаза болғандардың туыстары қатысты.

  Қатысушылар қаза болған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды. Іс-шара Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында жалғасты. Мұнда қаза тапқан қызметкерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

  Еске алу күні қарсаңында ТЖД қызметкерлері қаза тапқан азаматтардың отбасыларына барып, жақындарына сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табыстады. Кездесу барысында адамдарға қызмет ету жолында өмірін арнаған азаматтардың ерлігі мен жанқиярлығына шынайы алғыс білдірілді.

  Осындай еске алу іс-шаралары ТЖМ орталық аппаратында және барлық аумақтық бөлімдерде де өтті.