Қазақстан ТЖМ флоты жаңа көпфункционалды кемемен толықты

Қазақстан ТЖМ флоты жаңа көпфункционалды кемемен толықты

  Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің делегациясы «Теңіз Жасағы» АҚ-мен бірлесіп, DAMEN Fast Crew Supplier 2710 кемесін қабылдау рәсімін аяқтады. Кеме Эстония Республикасының Курессааре қаласындағы DAMEN Workboats компаниясының өндірістік алаңында жасалған.

  Кеме іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге, мұнай төгінділерін жоюға, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және Каспий теңізінің қазақстандық секторында кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.

  Каспий теңізінің деңгейі төмендеп, жекелеген учаскелердің таяздануына байланысты флотты күшейту өзекті болып отыр. Навигациялық жағдайдың өзгеруі кемелердің қайраңға отыруы мен басқа да оқиғалардың қаупін арттырады. Мұндай жағдайлар адам өміріне қауіп төндіріп, теңіздің мұнай өнімдерімен ластануына себеп болуы мүмкін.

  Жаңа кеме ТЖМ құтқарушыларына оқиға орнына жедел жетуге, адамдарға уақтылы көмек көрсетуге және авариялардың салдарын тиімді жоюға мүмкіндік береді. Кемені қабылдау Қазақстанның теңіздегі және экологиялық қауіпсіздігін нығайту жолындағы маңызды қадам болды.