Мәскеу облысының Жуковский қаласында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жасөспірім ұлдар арасындағы XV әлем чемпионаты және жасөспірім қыздар арасындағы XI әлем чемпионаты басталды.
Жарыстың алғашқы күнінде әлем чемпионаттарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған жас спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер, ұлттық құрама делегацияларының өкілдері және құрметті қонақтар қатысты.
Жарысқа Беларусь, Болгария, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Словакияның ұлттық құрама командалары қатысуда. Әр жас санатында бес ұлттық құрама командасы өнер көрсетіп, әлемнің үздік командалары атағы үшін бақ сынауда.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне құрметті қонақтар қатысты:
- Бутко Вячеслав Сергеевич — Ресей Федерациясының Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың салдарын жою министрінің орынбасары, ішкі қызмет генерал-лейтенанты;
- Чуприян Александр Петрович — Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың халықаралық спорт федерациясының президенті;
- Камалов Рамиль Фаткулович — өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жасөспірім ұлдар арасындағы XV әлем чемпионаты және жасөспірім қыздар арасындағы XI әлем чемпионатының бас төрешісі, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор;
- Фетисов Вячеслав Александрович — Мемлекеттік Дума депутаты, «Единая Россия» партиясы Жоғары кеңесінің мүшесі, екі дүркін Олимпиада чемпионы, жеті дүркін әлем чемпионы, Стэнли кубогының үш дүркін иегері;
- Борзаковский Юрий Михайлович — ресейлік жеңіл атлет, Олимпиада чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы, үш дүркін Еуропа чемпионы, Ресейдің 12 дүркін чемпионы, еңбек сіңірген спорт шебері.
Салтанатты ашылу рәсімі әлем біріншілігінің ресми басталғанын айғақтап, бірнеше күнге созылатын тартысты спорттық бәсекеге жол ашты.
Әлем чемпионатының алғашқы жарыс күні «шабуыл сатысымен көтерілу» бойынша болды. Бұл — өрт сөндіру-құтқару спортындағы ең тартымды әрі техникалық тұрғыдан күрделі жаттығулардың бірі. Спортшылардан жылдамдық, дәлдік, қимыл үйлесімділігі, дене дайындығы және техниканы мінсіз меңгеру талап етіледі.
Жарыстың бірінші күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жасөспірім ұлдар арасындағы құрама командасы «шабуыо сатысымен көтерілу» тәртібінен қола жүлдеге ие болып, үшінші орын алды.
Қазақстанның жасөспірім қыздар арасындағы құрама командасы да жоғары нәтиже көрсетіп, осы тәртіп бойынша үшінші орынға ие болып, қола медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар, жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан спортшылары ұлттық рекордтарды жаңартты.
Қыздар арасындағы орта жас тобында 15–16 жастағы Бунякина Анастасия «шабуыл сатысымен көтерілу» тәртібінде 7,58 секунд нәтижесін көрсетіп, Қазақстан рекордын жаңартты. Бұған дейінгі рекорд 7,87 секунд болатын.
Ал жоғары жас тобында 17–18 жастағы Шевцова Лианна 7,55 секунд нәтижесімен ұлттық рекордты жаңартты. Бұған дейінгі рекорд 8,01 секунд болған.
Осылайша, әлем чемпионатының алғашқы күні Қазақстан құрамасы үшін жүлделі орындармен қатар, екі жаңа ұлттық рекордпен ерекшеленді. Бұл қазақстандық жас спортшылардың жоғары деңгейдегі дайындығы мен халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсетеді.
Алда спортшыларды жаңа жарыс тәртіптері мен тартысты бәсекелер күтіп тұр. Қазақстан құрамалары жоғары нәтижелерге қол жеткізу және ел қоржынына жаңа жүлделер қосу жолындағы күресін жалғастырады.
Құрама командалар әлем чемпионаттарына «Қазақстан құтқарушылары қоры» жеке қорының қолдауымен қатысуда.
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаттары жалғасуда. Алда — жаңа жарыстар, жаңа рекордтар және жаңа жеңістер!