Ақкөлде ТЖМ басшысы жаңғыртудан кейін өрт сөндіру бөлімін ашты

Ақкөлде ТЖМ басшысы жаңғыртудан кейін өрт сөндіру бөлімін ашты

  Ақмола облысының Ақкөл қаласында ауқымды жаңғыртудан өткен №26 өрт сөндіру бөлімінің ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов қатысты.

  Жаңарту аясында өрт сөндіру бөлімінің ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жеке құрамның қызмет атқаруына және демалуына заманауи әрі қолайлы жағдайлар жасалды. Жеке құрамның дене дайындығын арттыру мақсатында бөлім аумағында «Batyr Team» спорт залы да жұмыс істейді. Бөлім аумағында тікұшақ алаңы, воркаут аймағы және футбол алаңы жабдықталған. Арнайы техниканы орналастыру үшін алты шығу орнына арналған модульдік бокс салынды. Сонымен қатар арнайы техниканы жууға және жөндеуге арналған үй-жайлар мен алаңдар қарастырылған.

  Ведомство басшысы жаңартылған ғимарат пен өрт сөндіру бөлімінің аумағын аралап, жүргізілген жөндеу және құрылыс жұмыстарының нәтижелерімен танысты.

  «Бүгінде құтқарушыларымыздың қызметтік және тұрмыстық жағдайларын жақсарту жұмыстары қарқын алып келе жатқанын көріп отырмыз. Заманауи инфрақұрылымның құрылуы бөлімшелердің жедел әрекет етуге және қойылған міндеттерді орындауға дайындығына тікелей әсер етеді», – деп атап өтті Шыңғыс Әрінов.

  Іс-шара барысында министр Ақмола облысының аумағында болған орманды-дала өртін сөндіруге қатысушыларға ТЖМ ведомстволық наградаларын табыстады. Ол олардың кәсібилігін, жауапкершілігін және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өтті.

  Көрсеткен ерлігі, елді мекендерді қорғауға және орманды-дала қорын сақтауға қосқан үлесі үшін өрт сөндірушілер, 55209 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, орман шаруашылығының қызметкерлері, «Ауыл құтқарушылары» ерікті жасағының мүшелері, жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың өкілдері марапатталды.

  №26 өрт сөндіру бөлімі 28 елді мекенді өрттен қорғауды қамтамасыз етеді. Аталған елді мекендерде 22 мыңнан астам адам тұрады.

  Өрт сөндіру бөлімінің жаңартылуы бөлімшенің жұмыс тиімділігін арттыруға, жеке құрамның қызмет атқару жағдайларын жақсартуға және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге дайындығын жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.