
Павлодар облысы Ақсу қаласының Евгеньевка ауылында 242-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Жаңа өрт сөндіру бекеті төрт ауыл мен Ақсу қаласының екі шағын ауданын өрттен қорғауды қамтамасыз етеді. Бұл аумақтарда шамамен 4 мың адам тұрады.
Салтанатты ашылу рәсіміне Павлодар облысы ТЖД бастығы Рустамбек Амрин, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Төлегенбергенов, Ақсу қаласының әкімі Ануарбек Аманов, ТЖД жеке құрамы және азаматтық қорғау органдарының ардагерлері қатысты.
Қызметкерлер үшін тәулік бойы кезекшілік атқаруға қажетті жағдайлар жасалған. Әкімшілік-тұрмыстық блокта операторлық бөлме, демалыс және тамақтану бөлмелері, сондай-ақ санитарлық-тұрмыстық аймақтар қарастырылған. Бекет жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған. Аумақта автоматты қақпа мен сыртқы жарықтандыру орнатылған.
Бекет төрт қызметкердің орналасуына және жұмыс істеуіне арналған. Нысан тез құрастырылатын конструкциялардан тұрғызылған және екі өрт сөндіру автокөлігін орналастыруға есептелген. Бекеттің жарақтандырылуында автокөлік, қажетті құрал-жабдықтар, өрт сөндіру автоцистернасы және Төтенше жағдайлар министрлігі берген байланыс құралдары бар.
Жаңа өрт сөндіру бекетін безендіруде заманауи loft стиліне ғана емес, цифрлық технологияларға да басымдық берілген. Мұнда бет-әлпетті тану және бейнебақылау жүйелері енгізілген. Камералардан түсетін ақпарат Ақсу қаласының өрт сөндіру бөліміне шығарылады. Заманауи шешімдердің, жаңартылған техниканың және жаңа кеңістіктің үйлесімі бөлімшенің қауіпсіздік деңгейін арттырып, жауынгерлік әзірлігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында жобаны іске асыруға қосқан үлесі үшін шаруа қожалықтарының өкілдері мен Ақсу қаласының өрт сөндірушілері ТЖМ және облыс әкімінің ведомстволық наградаларымен марапатталды.
Жаңа бекеттің ашылуы өрт сөндіру бөлімшелерінің оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартуға, жедел әрекет ету жылдамдығы мен өртті сөндіру тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл шалғай елді мекендер тұрғындарының қауіпсіздігін нығайтуға және оларды төтенше жағдайлардан қорғау деңгейін арттыруға жасалған маңызды қадам болмақ.