Қазақстанда 241-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 241-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Жетісу облысы Көксу ауданының Алғабас ауылында 241-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының ашылуы өтті. Өрт сөндіру бекеті 2 825 тұрғыны бар Алғабас, Қызылтоған және Айнабұлақ ауылдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

  Іс-шараға Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Алтынбеков, Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

  Өрт сөндіру бекеті жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен құрылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бекет қызметкерлеріне қызмет атқаруға қажетті жағдай жасалған. Бөлімше ТЖМ ұсынған өрт сөндіру автоцистернасымен, өрт сөндіру-техникалық жарақтармен, арнайы қорғаныш киімдерімен және байланыс құралдарымен жабдықталған. Жеке құрам қажетті даярлықтан өтіп, оқытылды.

  Сондай-ақ өрт сөндіру бекетін ұйымдастыруға және дамытуға елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен қатысушыларға Төтенше жағдайлар департаментінің алғыс хаттары табысталды. Жаңа нысанның ашылуы ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігін күшейтіп, төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін арттырады.