ТЖМ басшысы Финляндия Республикасы Парламентінің депутатымен кездесті

ТЖМ басшысы Финляндия Республикасы Парламентінің депутатымен кездесті

  Қазақстан ТЖМ-де Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің Финляндия Республикасы Парламентінің депутаты Вилле Скиннаримен кездесуі өтті.

  Кездесу барысында тараптар экологиялық қауіпсіздік және төтенше жағдайларға ден қою саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Оның ішінде Каспий теңізіндегі мұнай төгінділеріне байланысты тәуекелдерге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Еуропалық одақтың «Global Gateway» жобасы аясында финдік «Lamor Corporation» компаниясымен ынтымақтастық мәселелері қаралды.

  Қазақстан ТЖМ-нің қоршаған ортаны қорғау және мұнай төгінділерінің салдарын жою технологияларына маманданған финдік «Lamor Corporation» компаниясымен өзара іс-қимылын дамытуға ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта ынтымақтастық үш негізгі бағыт бойынша дамып келеді: мамандандырылған флотты дамыту, мұнайдың авариялық төгілуін жоюдың заманауи технологияларын енгізу және білікті мамандар даярлау. Бұл бағыттарды іске асыру ТЖМ бөлімшелерінің Каспий теңізінде болуы мүмкін мұнай төгінділеріне ден қою дайындығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор бағыт.

  Кездесу барысында Қазақстанның Еуропалық одақтың «Global Gateway» бастамасына қатысу мүмкіндіктері де талқыланды. Қазіргі уақытта финдік «Lamor Corporation» компаниясы Каспий теңізінің экологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған тиісті бағдарламаның тұжырымдамасын әзірлеуде. Бағдарлама аясында экологиялық мониторинг жүргізу, мұнай төгінділеріне дайындық және оларға ден қою, биоалуантүрлілікті қорғау, қоршаған ортаны қалпына келтіру, кәсіби әлеуетті дамыту және экологиялық басқарудың тұрақты жүйесін қалыптастыру жөніндегі шаралар кешені қарастырылуда.

  Сонымен қатар, қонаққа «Теңіз жасағы» АҚ-ның инвестициялық жобалары да таныстырылды. Тараптар Каспий теңізіндегі мұнайдың авариялық төгінділерін жою саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

  Кездесу қорытындысы бойынша тараптар консультацияларды жалғастырып, «Global Gateway» бастамасы аясындағы одан әрі ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын пысықтауға уағдаласты. Бұл өзара іс-қимылды дамыту халықаралық тәжірибені, заманауи технологияларды және Қазақстанның мемлекеттік органдарының әлеуетін біріктіріп, Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өңірдің тұрақты дамуына ықпал етеді.