Астанада ТЖМ басшысы жаңғыртудан өткен өрт сөндіру бөлімін ашты

Астанада ТЖМ басшысы жаңғыртудан өткен өрт сөндіру бөлімін ашты

  Астанада ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін Байқоңыр ауданындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайларға жедел ден қоюды жүзеге асыратын №16 өрт сөндіру бөлімінің жұмысы қайта жанданды.

  Салтанатты іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов қатысты. Ол жеке құрамды жаңартылған өрт сөндіру бөлімінің ашылуымен құттықтап, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қызмет атқаруы үшін заманауи жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

  Іс-шара барысында 2010 жылы қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Руслан Какишевтің рухына тағзым етілді. Оның құрметіне өрт сөндіру бөлімінің аумағында ескерткіш орнатылған. Марқұмның туған-туыстары, әріптестері мен жеке құрам батырдың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Одан кейін мемориалға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Министр қаза тапқан қызметкердің отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

  Өрт сөндіру бөлімінің ғимараты толық жаңартылып, заманауи талаптарға сай жабдықталды. Жеке құрамның тәулік бойы қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасалды. Екі шығу бағытына есептелген өрт сөндіру бөлімінде воркаут аймағы, спорт залы, барбекю аймағы, футбол алаңы, психологиялық жеңілдеу бөлмесі және басқа да қажетті үй-жайлар жабдықталған. Сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, көгалдандыру мақсатында ландшафтық өсімдіктер отырғызылды.

 Бөлім аумағында өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың нақты өрт жағдайларына барынша жақын ортада практикалық даярлық деңгейін арттыруға арналған оқу-жаттығу мұнарасы мен кері тарту кешені жаңартылды. Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін елордалық гарнизонның өрт сөндірушілері Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды.