
19 тамызда Дүниежүзілік гуманитарлық көмек күні аталып өтеді. Қазақстан төтенше жағдайлар мен гуманитарлық сын-қатерлерге тап болған мемлекеттерге жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі Үкіметтің шешімдеріне сәйкес мемлекеттік материалдық резервтен гуманитарлық көмек көрсету жұмыстарын жүзеге асырады.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Президентінің тапсырмасы және Қазақстанның бастамасымен Тәжікстан Республикасына, Қырғызстанға, Ауғанстанға, Пәкістан Ислам Республикасына, Түркия Республикасына, Сирия Араб Республикасына, Палестина мемлекетіне, Вьетнамға және Иран Ислам Республикасына гуманитарлық көмек көрсетілді.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі үшін гуманитарлық ден қою – азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің ажырамас бөлігі және қиын жағдайға тап болған адамдар мен мемлекеттерге дер кезінде көмек көрсету жөніндегі ведомствоның басты миссиясының жалғасы. Бұл халықты қолдау және дағдарыстық жағдайлардың салдарын жою үшін қажетті материалдық ресурстар ұсынуды көздейді.