Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының Сарытерек ауылында төрт елді мекеннің 2400-ден астам тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 239-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды.
Ерікті өрт сөндіру бекетінің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Фархат Әміре, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Асхат Утебаев, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен құтқарушылар қатысты.
Еріктілердің тәулік бойы кезекшілік атқаруы үшін бекетте қолайлы жағдайлар жасалған. Тұрмыстық бөлмелер, жеке құрамның демалуына арналған бөлмелер және қажетті инфрақұрылым жабдықталған. Бекет Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған арнайы техникамен, жауынгерлік киім-кешек жиынтықтарымен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілді.
Мұндай бекеттерді шалғай елді мекендерде құру төтенше жағдайларға жету уақытын едәуір қысқартуға және өрт сөндіру жұмыстарының жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.