Өткен тәулікте елімізде 22 табиғи өрт пен жану оқиғасы тіркелді. ТЖМ бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен 17 өрт сөндірілді.
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысында, Ақмола және Қарағанды облыстарында 13 табиғи өрт пен жану оқиғасы бақылауда.
Табиғи өрттерді сөндіру жұмыстары жетуі қиын таулы-далалы жерлер, жекелеген учаскелердің күрделі жер бедері, ауа температурасының жоғары болуы және қатты екпінді жел салдарынан күрделенуде. Табиғи өрттерді жою жұмыстарына ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың шамамен 1300 адамы және 240-тан астам техникасы жұмылдырылды.
Жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіліп, ұшқышсыз ұшу аппараттарын, сондай-ақ ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» әуе кемелерін қолдана отырып, аумақтарға әуеден бақылау жүргізілуде.
Бірінші кезекте өрттің елді мекендерге, тұрғын үйлерге, шаруашылық нысандарына және ауыл шаруашылығы алқаптарына таралуына жол бермеу қамтамасыз етілуде.
Жағдай ТЖМ бақылауында. Құтқарушылар өртті жою үшін барлық қажетті шараларды қабылдай отырып, отпен күресті жалғастыруда.